Қазақстандық боксшылар шаршы алаңда алғаш рет қорғаныс шлемінсіз шайқасады

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Осы айдың соңғы күндерінде өтетін ересектер арасындағы бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатында боксшылар алғаш рет қорғаныс шлемінсіз жұдырықтасатын болады. Бұл туралы бүгін елордада ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев мәлім етті.

Қазақстандық боксшылар шаршы алаңда алғаш рет қорғаныс шлемінсіз шайқасады

«Бұл шешімді Халықаралық бокс қауымдастығының басшылығы қабылдаған болатын. Енді міне араға 25 жыл салып боксшылар қайтадан шлемсіз шаршы алаңда жекпе-жекке шығады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, АИБА-ның жаңа ережесі келесі жылдан бастап халықаралық турнирлер мен ұлттық федерациялар жарыстарында қолданысқа енгізіледі. Айта кетерлігі, мұндай ұсынысты Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев жасаған болатын.

«Егерде біз техникалық бөлігін дайындап үлгерсек, онда ағымдағы жылғы ел чемпионатында төрешілерге қатысты жаңа жаңалық енгізіледі. Яғни, жекпе-жекке қазіргідей 5 төреші емес, 3 төреші төрелік жасайды», - деді С.Қонақбаев.

Айта кетейік, Ересектер арасында бокстан Қазақстан чемпионаты қараша айының 22-29 күндері елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 180-нен астам былғары қолғап шебері қатысады. Бұл дүбірлі додаға Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев пен  аталған олимпиада жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко қатыспайды.