Қазақстандық боксшының қарсыласы екінші раундқа шықпай қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Мейіржан Рахымжанов Бейбіт Шүменов пен Хизни Алтынкай арасындағы айқастың андеркартында кәсіпқой боксқа тұңғыш рет шығып, жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мейіржан қарсыласы Ресейден келген Александр Салтыковтан басым түсті. Александар осы уақытқа дейін кәсіпқой бокстың шаршы алаңында 62 кездесу өткізген тәжірибелі боксшы еді. Десе де, оның айқасының көбі (48-і) жеңіліспен аяқталған.
Қарсыласының зор тәжірибесі қазақ боксшысын тайсалтқан жоқ. Ол ал дегенде-ақ өзін шаршы алаңда еркін ұстап, Салтыковтың әсіресе басына бірнеше жақсы соққыларды жіберді. Жалпы, алғашқы раунд Қазақстан боксшысының айқын басымдығымен өткен еді. Бұдан кейін бір қызығы, екінші раундқа шаршы алаңға шығудан ресейлік боксшы бас тартты. Осылайша, Мейіржан кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін техникалық нокаутпен аяқтап отыр.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Шүменов - Алтынкай кездесуінің алғашқы андеркартында қазақ боксшысы әрі әншісі Ибрагим Ескендір ресейлік қарсыласын нокаутқа жіберген болатын. Одан кейін тағы бір қазақ боксшысы Еділ Қожамбердиев ресейлік Сергей Белошапкинді ұтты.