Қазақстандық дәрігерлер А.Ахметованың денсаулық жағдайын «өте ауыр, 3-ші дәрежедегі ессіз күйде, миы жұмыс жасамайды» деп бағалауда
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - АҚШ-тан елге жеткізілген қазақстандық студент Айнұр Ахметованың денсаулық жағдайын дәрігерлер «өте ауыр, 3-ші дәрежедегі ессіз күйде, миы жұмыс жасамайды, қан қысымы өте төмен» деген баға берді.
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР ДСМ АҚШ клиникасында ес-түссіз жатқан павлодарлық студент А.Ахметованы жасанды тыныс аппаратынан ажыратпай, Қазақстанға жеткізу туралы шешім қабылдады. Ағымдағы жылғы 21 тамызда таңғы сағат 5-те Айнұр Астана қаласының әуежайына жеткізіліп, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының жансақтау бөліміне жатқызылды.
ҚР ДСМ-нан анықтағандай, қазір А.Ахметоваға қолдау терапиясы жүргізілуде.