Қазақстандық дәрігерлер Италияда тәжірибеден өтеді

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында тәжірибе сапарын ұйымдастырушы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін қатарында «Дара», «Аяла», «Мейірімділік үйі» қоғамдық қорлары бірлесіп еліміздегі балалардың жүрек аурулары мәселелерін шешу бағытында шаралар өткізген болатын. Өткен жылы шетелдік дәрігерлер тобы бірнеше рет күрделі операциялар жасаған еді. Сондай-ақ осы қоғамдық ұйымдардың қолдауымен ауруханаларға бағалы медициналық жабдықтар алынған.
«Алайда бұлардың барлығы проблеманы түбегейлі шешпейді. Сондықтан қазақстандық дәрігерлер тобын Италияның Бергамо кардио орталығында тәжірибеден өткізуді ұйғардық», дейді «Дара» қайырымдылық қорының президенті Әсел Ізбасарова. Оның айтуынша, тәжірибеден өткен дәрігерлер келесі жылдың басында-ақ күрделі операциялар жасамақ. Дәрігерлердің шетелде тәжірибеден өтуіне «Ерсай Каспиан Контрактор» Қазақ-Итальян компаниясы мен «Шеврон Мұнайгаз инк» компаниясы қаржылай қолдау көрсеткен.
Елімізде балалардың жүрек демікпесі аурулары ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жылына осындай диагнозбен туған 3 мың баланың 10-15 пайызы ғана 1 жасқа дейін өмір сүреді. Қазақстандық дәрігерлер әзірге бұл дертке шалдыққан балалар 12 килә салмақ жинағанда ғана операция жасай алады. Жоғарыдағы дәрігерлер тобы тәжірибесін аяқтаған соң бұл мәселе де шешімін табатын болады.