Қазақстандық делегация діндер диалогы бойынша Доха конференциясына қатысты
Вице-министр Б. Арын конференцияда «Дін бостандығы және діни тәжірибе» тақырыбында баяндама жасап, қатысушыларды этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның тәжірибесімен таныстырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік және дәстүрлі діндер съезін шақыру жөніндегі жаһандық бастамасына толығырақ тоқталып өтті.
Бұдан бөлек, форум делегаттары мемлекет пен діндер арасындағы өзара іс-қимылдың қазақстандық үлгісін құру, азаматтардың ар-ождан бостандығы құқығын қамтамасыз ету жөніндегі заңнамалық бастамалар, барлық заңды діни бірлестіктермен сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз ету және ел дамуының зайырлы принциптерін нығайту жөніндегі Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар болды.
«Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың бейбіт өмір сүруінің өзіндік, ерекше үлгісін құра алды»- деп атап өтті Б.Арын.
Жалпы алғанда, конференцияға қатысушылар діни бостандықтар мен діни тәжірибелер, саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы адам құқықтары, жеке адамдардың және топтардың құқықтарының бұзылуына діннің қатынасы, қасиетті жазбарлар мен өсиеттердегі адам құқықтары, діни құндылықтарды адам құқықтары туралы заңнамаға енгізудің табысты тәжірибесі сияқты бірақатар өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шараға АҚШ, Канада, Швеция, Италия, Ұлыбритания, Бельгия, Малайзия, Аргентина және басқа да Еуропа, Араб, Азия елдерінен, сондай-ақ ТМД мемлекеттерінен келген діндер мен өркениеттер диалогы мәселелерін зерттеумен айналысатын діни қайраткерлер, ғалымдар, теологтар, дін және адам құқықтары саласындағы сарапшылар, құқық қорғау бағытындағы түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен орталықтардың өкілдері қатысты.