Қазақстандық денсаулық сақтау саласы әлемдік аренадан өз орнын тапты

Мұндай шешімді Денсаулық сақтауға арналған халықаралық қауымдастықтың (ISQua) атқарушы комитеті қабылдап отыр. Бұл туралы Аккредиттеу орталығына сілтеме жасай отырып, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы хабарлайды.
Орталықтың мәліметінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті мен Аккредиттеу орталығы бірігіп медициналық мекемелерді аккредиттеудің ұлттық стандарттарын қалыптастыру үшін бірқатар шаралар (жаңарту, тестілеу, мүдделі мемлекеттік мекемелермен және ұйымдармен бірге талқылау, келістіру және т.б.) атқарды. Бұл шаралар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Денсаулық сақтаудың сапасы бойынша халықаралық қауымдастықтың талаптары ескеріле отырып жасалды.
Халықаралық тәжірибеде Денсаулық сақтаудың сапасы бойынша халықаралық қауымдастықтың бағасын алып, мойындалған медициналық мекемелердің аккредиттеу стандарттары аса үлкен сеніммен қолданылады. Сондықтан да жаңартылған аккредиттеу стандарттарын дәл осы халықаралық ұйымға жіберу қажет деп шешіліпті. Биылғы қыркүйекте ISQua қазақстандық стандарттарды бағалау жұмыстарын аяқтады. Осылайша, әлемдік аренадағы отандық денсаулық сақтау саласының беделі бір сатыға көтеріліп, үлкен сенімге ие болды.