Қазақстандық десантшылар жаңа «Бүркіт» парашютінің құрылымын сәтті меңгерді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райы жағдайына қарамастан күндізгі және түнгі уақыттарда парашюттен секіру жаттығуларын орындап жүрген десантшылар жаңа арнайы мақсаттағы «Бүркіт» парашютінің құрылымын сәтті меңгерді.
Бұл парашют осы жылдың басында ҚК ҚӘ Аэроұтқыр әскерлеріне берілген болатын, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бастапқыда офицер-нұсқаушылар парашютті құрастыруды үйреніп, одан кейін оларға бағынысты жауынгерлер дара және топтасқан түрде зерделеуге кірісті.
Бірінші кезекте «Бүркітті» қолдану барысында ашу және қону қауіпсіздігін меңгеріп, басқару әдісінің қарапайым болуына байланысты қону орны мен шектелген аймаққа қонуды жоспарлау айтарлықтай жеңіл өтті.
Сонымен қатар парашюттің жүк көтеру мүмкіндігі де артқан. Десантшылардың толық жауынгерлік жабдықпен секіретін ескерсек, бұл ерекше маңызды болып табылады. Бұдан өзге осы парашют арқылы кез келген авиация ұшағынан секіруді орындау мүмкіндігі де бар.
Қазіргі уақытта қазақстандық Аэроұтқыр әскерлерінің әскери қызметшілері жаңа құрылымды іс жүзінде меңгеріп, қолда бар парашюттерді техникалық тұрғыда тексеруге кірісіп кетті. Осындай тексеру жұмыстары жылына екі рет тәжірибелік жаңа оқу-жаттығу шараларының басында өткізіледі.
Парашюттен секіру - Аэроұтқыр әскерлерінің негізгі жауынгерлік даярлығы. Ағымдағы жылдың басында қазақстандық десантшылар 1 800-ден аса секіруді орындады, олардың 600-ден астамы түнгі уақытта орындалғанын айта кеткен жөн.