Қазақстандық дипломат Әбдел Әзиз Королінің I дәрежелі орденімен марапатталды
Салтанатты қабылдауға ҚР СІМ Жауапты хатшысы Асқар Мусинов және Қазақстанда аккредитацияланған дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Сауд Арабияның ҚР-дағы Елшісі Әбдел Мәжіт Хакім Б.Тасымовты Әбдел Әзиз Королінің I дәрежелі орденімен марапаттау туралы Екі қасиетті орынның сақтаушысы Абдалла королінің жарлығын оқып, өз ел басшылығының тапсырмасы бойынша жоғары сыйын ұсынды. «Екі қасиетті орынның сақтаушысы Абдалла королі мен Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы тұрақты және сенімді байланыстарының арқасында, екіжақты ынтымақтастық дипломатиялық қатынастардың орнығуынан бастап сәтті дамып, алда одан әрі кеңейе түсуіне тұрақты беталыс алуда», - деп саудиялық дипломат ерекше атап өтті. Ә.Хакім Сауд Арабиясының Қазақстанмен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытып тереңдетуге дайын екенін қайта білдірді.
Өз кезегінде, Б.Тасымов саудиялық тарап оның қызметін жоғары бағалағаны үшін алғысын білдіріп, бұл марапат, ең алдымен, Президент Н.Назарбаев басшылығымен әлеуметтік-экономикалық дамуда едәуір жетістіктерге жетіп, халықаралық қауымдастықтың сенімді, абыройлы мүшесіне айналған Қазақстанның достық халқына саудтық халқының көрсеткен ілтипатын білдіретіндігін ерекше атап өтті.