Қазақстандық дипломат БҰҰ Бас хатшысының көмекшісімен Қазақстанның саяси реформасын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ жанындағы Тұрақты Қазақстан өкілінің бірінші орынбасары Барлыбай Садықов БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасының Азия және Тынық мұхиты аймағындағы өңірлік директоры Сюй Хаолянмен кездесті.

Қазақстандық дипломат БҰҰ Бас хатшысының көмекшісімен Қазақстанның саяси реформасын талқылады

Кездесу барысында олар ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған конституциялық реформалар жобасын, Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі кезеңіндегі өзара әрекеттестіктердің негізгі аспектілерін талқылады.

Б. Садықов өкілеттіктерді мемлекеттік билік тармақтары арасында қайта бөлу реформасы туралы түсініктеме беріп өтті және  олардың заманауилығы мен Қазақстан дамуының басымдықтарына сәйкестігін атап өтті.

Сюй Хаолян, өз кезегінде, президенттік басқару жүйесінен аралас жүйеге ауысудың елеулі жағымды өзгерістер әкелеріне сенім білдірді. Оның пікірінше, билікті орталықсыздандыру  елдің ішкі беталысының ғана емес, халықтаралық қауымдастықтың да оң бағасын алады.