Қазақстандық дипломат М.Жарбосынова ЕҚЫҰ арнайы өкілі болып тағайындалды
"3 маусымда Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қазақстандық дипломат Мәдина Бейнешқызы Жарбосынованың ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы арнайы өкілі лауазымына тағайындалғаны туралы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньердің хаты келіп түсті" - делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ құрылымында жоғары деңгейде өкілдік етуі және Ұйым шеңберінде жемісті ынтымақтастық пен 2010 жылғы сәтті төрағалығының нәтижесі болып табылады.
Айта кетейік, 2013 жылы мамырда М.Жарбосынова Украинадағы ЕҚЫҰ жобаларының үйлестірушісі деген маңызды лауазымға тағайындалған болатын.
Мәдина Жарбосынова - кәсіби дипломат, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде алғашқы күндерден-ақ жұмыс жасап, түрлі жоғары лауазымдарда қызмет атқарды. 1998-1999 жылдары ол вице-министр қызметінде болып, кейін төрт жыл бойы Нью-Йорктегі БҰҰ маңындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі мен Кубадағы ҚР Елшісі болып қызмет етті. Қазақстанға оралғаннан кейін СІМ Ерекше тапсырмалар бойынша елшісі қызметіне тағайындалып, адам құқықтары мен адами өлшемдер мәселелерімен айналысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.