Қазақстандық дизайнерлер Миландағы сән апталығына қатысады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық дизайнерлер Миландағы сән апталығына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қыркүйекте өтетін сән апталығында қазақстандық дизайнерлер отандық 5 брендтің киізден жасалған сөмкелерін, зергерлік бұйымдарын, киімдерін көрсетеді.
«Экспортқа тауарды сәтті шығару үшін алдымен бренд жасау керек. Біздің көптеген дизайнерлер брэнд жасамайды. Нәтижесінде шетелдік аренаға шыққан тауар бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Әлемдік сахнаға шығу үшін бірінші бренд керек. Киім, аксессуар, әшекей заттарының брендін жасап жатырмыз. Миландағы сән апталығына қатысқан сәнгерлеріміз көп тәжірибе жинап, Қазақстанның сән әлемін әлемдік сахнаға бір табан жақындатады деп ойлаймыз», - деді сәнгер Аяжан Жақсыбай.
Қазіргі таңда отандық дизайнерлер бәсекеге қабілетті өнім шығару үшін шетелдік мамандардан сабақ алып жатыр.
«Біз қазақстандық сәнгерлерге европалық нарыққа сай топтама жасауды үйретіп жатырмыз. Қазақстанның сән әлеміндегі мүмкіндігі мол», - деді Пируза Болано.