Қазақстандық дойбышы әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Италияның Римини қаласында дойбы 64-тен өткен әлем кубогының екінші кезеңінде батысқазақстандық халықаралық шебер Алтынай Жұмагелдиева жеңімпаз атанды.

Қазақстандық дойбышы әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бұдан бұрын да жастар және ересектер арасында дүниежүзілік додаларда топ жарып жүрген Алтынай бұл жолы әйелдер бәсекесінде үздік нәтижені еншіледі.

Дарынды дойбышыны әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Жұмагелдиев баптап келеді. Оның хабарлағанындай, Алтынай енді Санкт-Петерборда өтетін әлем кубогының үшінші кезеңіне және Индонезияның Джакарта қаласында биылғы қыркүйекте болатын ІІІ Дүниежүзілік интеллектуалдық ойындарға  қатыспақшы.

Айта кетейік, Дүниежүзілік интеллектуалдық ойындар төрт жылда бір өтеді.