Қазақстандық джитсерлер алғаш рет ADCC чемпионатына қатысады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін түнде қазақстандық спортшылар Османжан Қасымов пен (77 кг) пен Арман Жанпейісов (99+ кг)  Алматыдан Финляндияға аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық спорт хабына сілтеме жасай отырып.
None
None

«KazakhstanTopTeam» клубының спортшылары 23-24 қыркүйекте Эспоо қаласында өтетін греплингтен ADCC (Abu-Dhabi Combat Club) әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

ADCC әлем чемпионатына қатысу үшін джитсерлер іріктеу кезеңдерінде жеңіске жету қажет. Немесе ұйымдастырушылардың шақыруымен ғана қатыса алады. Біздің спортшылар іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, әлем біріншілігіне жолдама алды. Олар Қазақстан чемпионаты мен Азия және Океания біріншілігінде жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем етті.

«Әлем чемпионатына дайындық екі кезеңде өтті. Бірінші кезең АҚШ-та, Калифорния штатында басталды. Біз «Brasilian Top Jym» клубында, Джулиана Прадо бапкерінің қол астында дайындалдық. Таңертең біз кардиоға жұмыс жасап, күрес әдістерін меңгердік. Ал кешке көбінесе күрестік. Бір жарым айдан соң мен Алматыға оралып, «Kazakhstan Top Team» клубында дайындығымды жалғастырдым. Мұнда менің бапкерім Адам Фокс болды. Ол менімен бірге ADCC әлем чемпионатына барып, қолдау көрсететін болады. Жалпы, мен өз қарсыластарымды білемін, бірақ бұл жайында ойламауға тырысамын. Бұл айтулы додада жақсы күрес болады деп ойлаймын. Біз алғаш рет ел намысын халықаралық аренада қорғайтын боламыз», - деді сапар алдында Османжан.

Арман Жанпейісов та әлем чемпионатына дайындығы туралы айтты.

- Дайындық жақсы өтті, жоғары деңгейде десем де болады. Маған бапкерім Адам Фокс, сонымен қатар, достарым мен жақындарым үміт артып отыр.

Қарсыластарым өзім қатарлы спортшылар, тек атақтары ғана болмаса. Алайда, осы жылы, меніңше, жеңіске жету үшін мүмкіндіктеріміз тең, олар да біз сияқты дайындалды, - деді Арман.

ADCC әлем чемпионаты 1998 жылдан бастап, екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Дүбірлі дода 6 салмақ  бойынша өтеді.

- Біздің спортшылар ADCC грепплингтен (Abu-Dhabi Combat Club) ең беделді жарыста бақ сынамақ. Барлық спортшылар осы әлем чемпионатында белдесуді армандайды, жеңбесе де айтулы додаға қатысудың өзі олар үшін жетістік. Жарыстар ноу-ги (кимоносыз) грепплинг бөлімі бойынша өткізіледі, спортшы қарсыласты тізе бүктіру немесе ұпай сандары арқылы жеңе алады. Дегенмен, ережелерге сәйкес ауыртпалы тәсілдерді қолдану рұқсат етілген. Бірақ, олардың басым бөлігінен спортшыны жарақат алуы  мүмкін. Осыдан болар, бұл чемпионаттан көбісі бас тартады. Айта кетсем, грепплингте ұрып-соғуға болмайды, тек күрес техникасы қолданылады, - деп атап өтті Федерация президенті Төлеген Құмаров.

Іріктеу жарыстары дүниежүзі бойынша  өткізіледі. Алтынды олжалаған спортшыларға, барлық салмақ дәрежесінде, кепілденген жолдама мен 10 000 доллар көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Іріктеу турнирлерінде тек үздік грепплерлер белдеседі және де әрқайсысы әлем чемпионатына жолдама ұтып алуға үміттенеді. Осы жылы әлем біріншілігінің жалпы жүлде қоры 206 600 доллар.

«Біз Османжан мен Арманға сәттілік тілейміз. ADCC әлем чемпионатынан Қазақстанға олжалы оралып, еліміздің туын биікке желбіретеді деген сенімдеміз», - деді Төлеген Құмаров. 

Соңғы жаңалықтар