Қазақстандық дзюдошы Дастан Ықыбаев Грузиядағы Гран при жарысында күміс жүлде иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Дастан Ықыбаев Тбилисиде (Грузия) өтіп жатқан Гран при жарысының күміс жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Қазақстанның дзюдо федерациясынан.

Қазақстандық дзюдошы Дастан Ықыбаев Грузиядағы Гран при жарысында күміс жүлде иеленді

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күресетін спортшы жеребе тарту нәтижесі бойынша бірден екінші айналымға шықты. Алғашқы кездесуінде ол ресейлік Денис Ярцевті ұтты, екінші белдесуінде армениялық Давид Никогосяннан басым түсті.

Жартылай финалға жолдама алу үшін ол әзербайжан спортшысы Хусейн Рахимлиді жеңді.

Жартылай финалда Дастан татами иесі грузия палуаны Звиад Капанадзеден айласын асырып, ақтық сынға жолдама алды. Финалда Рустам Оруджевтен ұтылып, жарыстың күміс жүлдегері атанды.

22 наурыз күні татамиге, Әсет Ахметжанов (90 келі), Айбол Айтбек (90 келі), Виктор Демьяненко (100 келі), Ержан Шынкеев (100 келіден жоғары) және Руслан Әбдіразақов (100 келіден жоғары) шығады.