Қазақстандық дзюдошы Ерасыл Қажыбаев Мароккодағы Гран-приде «күміс» алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Ерасыл Қажыбаев Мароккода өткен әлемдік Гран-придің кезеңінде күміс медалді жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шығыс Қазақстан облысының атынан өнер көрсеткен өрен финалдық белдесуде неміс Свен Хинлеге «иппон» әдісімен жеңіліп қалды. Ол 100 келіден жоғары салмақты өнер көрсетті.
Финалдық белдесулерге дейін ол украиналық Федор Панко мен сенегалдық Мбагник Ндиайені ұтты. Сондай-ақ румыниялық Владута Симонескудің де жауырынын жер иіскетті.
Айта кететін мәселе, Гран-придің алғашқы күнінде еліміздің қоржынына қола медальды Ерлан Серікжанов (66 кг) салған болатын.
Аталған рейтингтік жарыста Қазақстан құрамасының намысын 19 ер және әйел палуан қорғаған болатын. Жарысқа жалпы әлемнің 71 елінен 500 дзюдошы қатысты.
Еламан Тұрысбеков