Қазақстандық дзюдошы Тюменьде өткен халықаралық турнирде қола жүлдегер атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресейдің Тюмень қаласында дзюдо күресінен 2000-2002 жылғы жасөспірімдер арасында «Қызмет бабында қаза болған ішкі істер бөлімінің арнайы жасағы қызметкерлерін еске алуға» арналған «Новый Поток» аймақтық қоғамдық ұйымының жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде батысқазақстандық Ерлан Оңалов табысты өнер көрсетті.

Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатынан түскен мәліметке қарағанда, осымен үшінші рет ұйымдастырылған аталмыш жарысқа әлемнің Франция, Словакия, Словения, Беларусь, Грузия, Хорватия, Армения, Корея, Қытай, Ресей, Монғолия, Гонконг, Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан сынды 16 елінен 500-дей дзюдошы қатысқан. Осындай айтулы додада Ерлан 50 кг салмақта қола жүлдегер атанды. Оның бапкерлері - Ерген Усманов пен Нариман Бекқалиев.
Айта кетейік, Ерлан Оңалов бұған дейін Якутияда өткен халықаралық «Азия балалары» ойындарының да қола жүлдесін иеленген болатын.