Қазақстандық дзюдошылар арнайы Олимпиаданың еуропалық турнирінде 5 медаль олжалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Санкт-Петербор қаласында дзюдодан арнайы Олимпиаданың ұйымдастыруымен ашық Еуропа турнирі өтті.Сайыста Қазақстан намысын қорғаған 5 спортшының барлығы жүлделі болды.
Атап айтсақ, Серік Ахмет жарыс чемпионы атанса, Абылайхан Қалиев пен Данияр Сейітов екінші орын иеленді. Сонымен қатар Дана Сауытова мен Әлішер Азынабақиев қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды kazsport.kz. Сайысқа 11 мемлекеттен (Қазақстан, Өзбекстан, Эстония, Бельгия, Норвегия, Швеция, Польша, Венгрия,Нидерланды, Хорватия, Ресей) 90 дзюдошы қатысқан. Айта кетейік, Special Olympics ұйымы ақыл-есі кем адамдарға спорттық шаралар өткізумен айналысатын мекеме. Аталмыш ұйымның атынан қазақстандық топты бапкер Рүстем Қарымсағұлов пен аталмыш мекеме қызметкері Галина Ильина бастап барды.