Қазақстандық дзюдошылар бүгін Бакудегі «Grand Slam»-де жарыстарын бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бакуде «Grand Slam» турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

9 наурыз күні Әзербайжан астанасында «Grand Slam» халықаралық турнирінің жеребе тарту рәсімі өтті.

Әлемнің 31 елінен 183 спортшы қатысатын бұл додада Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 14 дзюдошы ел намысын қорғайды. Жарыстың бірінші күнінде спортшылар бес салмақ бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Сонымен, бүгін мына салмақ дәрежесіндегі спортшылар бақ сынайды:

Әйелдер: -48 кг, -52 кг, -57 кг

Ерлер: - 60 кг, -66 кг

Аталған салмақ бойынша 10 наурызда Қазақстаннан 7 спортшы татамиге шығады.

Жеребе бойынша 60 келіде «А» тобына түскен Ғұсман Қырғызбаев алғашқы айналымда венгриялық Сзабо Шабумен белдеседі. Оны ұтқан жағдайда Рио Олимпиадасының қатысушысы, жергілікті балуан Орхан Сафаровпен кездеседі. Осы салмақта «В» тобына түскен тағы бір жерлесіміз Рустам Ибраев алғашқы белдесуін Қырғызстанның жас спортшысы Сағынбайұлы Байаманмен белдеседі.

66 келіде отандасымыз Ғабит Есімбетов грузин Гюнашвили Лашаға қарсы күреседі. Дәл осы салмақтағы екінші спортшымыз Құмар Күзембаев Молдованың жас дзюдошысы Виеру Дениспен кездеседі.

Ал 52 келідегі бұрымды балуанымыз Айкүнім Түйтекованың алғашқы қарсыласы - Поп Рика (Венгрия).

57 келідегі Анна Казюлина бірінші белдесуінде жергілікті балуан Шахин Лейламен күреседі. Оны ұтқан жағдайдада, екінші отандасымыз Сервера Нышанбаева екеуі ширек финал үшін жолдамаға таласады.

Халықаралық «Grand Slam» турнирі 10-12 наурыз күндері Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтеді. Жарыс күн сайын Астана уақытымен сағат 12:00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар