Қазақстандық дзюдошылар Польшада өткен жарыста төрт алтын медальға ие болды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошылар Польшаның Олесница қаласында жастар арасында өткен халықаралық турнирде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық дзюдошылар Польшада өткен жарыста төрт алтын медальға ие болды

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, аталған жарысқа әлемнің 21 елінен 347 татами шебері қатысып, бақ сынады.

Қазақстан жастар құрамасы сапында 15 дзюдошы болса, соның жетеуі жүлдемен оралды. Арсен Хатип пен Нұрбек Мықтыбеков баптайтын қазақстандықтар медаль саны жөнінен командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Әсіресе, Ерлан Оңалов (55 кг), Болат Біләл (60 кг), Нұрзат Сәлімбаев (66 кг), Серікболсын Шынтас (90 кг) алтыннан алқа тағып, ел мәртебесін биіктетті.

Сондай-ақ Ұлықбек Әбілхайыр (55 кг) күміс, Сүйініш Алмазұлы (55 кг) мен Айбар Мұқышев (73 кг) қола жүлдеге ие болды. 

Еске сала кетейік, батысқазақстандық Ерлан Оңалов - бұған дейін де халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген спортшы.

Оның өткен жылы Еуропа кубогының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.