Қазақстандық экипаж Africa Eco Race кезеңінде тағы да күштілер үштігінен көрінді
АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Mobilex Racing Team командасы құрамында өнер көрсетіп жатқан қазақстандық автошабандоздар Юрий Сазонов пен Арыслан Сахимов Africa Eco Race-2014 беделді ралли-марафоны төртінші кезеңінің қорытындысымен төртінші орынға ие болды, деп хабарлады Vesti.kz.
Олар қашықтықты төрт сағат 38 минут және 44 секундта еңсеріп, кезең жеңімпазы Мишель Турон Баррере басқаратын француз экипажынан алты минут 34 секунд қана кейін қалды.
Mobilex Racing Team құрамындағы Қанат Шағыров пен Александр Мороздың екінші экипажы кезеңді 13-ші орынмен аяқтады. Олар Hummer H3 автомобилімен қашықтықты бес сағат бір минутта еңсерді.
390 шақырымдық бұл кезең бұрынғылардан гөрі ең күрделі болды. Жолдың жартысы тегіс болғанмен, одан әрі тасты, еңісі мен өрі аралас бұрғалаңы көп еді. Оның үстіне шабандоздарды қайта-қайта дөңгелектер жарылып, әбігерге салды. Дөңгелектен ұшқан тас та машиналардың бір-бріне жақындауына елеулі кедергі келтірді.
Төрт кезеңнің жалпы қорытындысымен Жан-Луи Шлессер мен Тьери Магнальдидің француз экипажы алда келеді. Шағыров пен Мороз төртінші орыннан бесінші орынға сырғыды. Ал Сазонов пен Сахимов 12 орынға келеді.
Еске сала кетейік, үшінші кезеңде күштілер үштігін Шағыров пен Мороздың экипажы тұйықтаған еді, ал Сазонов пен Сахимов жетінші орында болатын.
Africa Еco Race - классикалық «Дакар» жолбағытымен өтетін халықаралық ралли-марафон. Биыл бұл жарыс Марокко, Мавритания және Сенегал мемлекеттерінің аумағымен өтеді. Ралли 2013 жылдың 29 желтоқсанында француздың Сен-Сиприен қаласында басталған болатын, 2014 жылғы 11 қаңтарда Дакарда аяқталмақ. Оған қатысушылар 11 кезеңге бөлінген 5580 шақырымды жүріп өтеді.