19:46, 29 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Қазақстандық экологтар: «Протонның» ұшырылымы сәтті өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аэроғарыш комитеті «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран-тасығышының ұшырылымы кезінде қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірілмегенін хабарлады.
«Қазғарышқа» қарасты «Ғарыш экология» Ғылыми-зерттеу орталығы» (ҒЗО) РМК-дан мәлім еткендей, ұшырылым сәтті өтті. «Протон М» зымыран-тасығышының (ЗТ) алғашқы баспалдағы Ю-24 айлағының құлау аумағына (№ 15) қонған.
ҒЗО қызметкерлері ресейлік мамандармен бірге № 15 құлау аумағында, «Протон-М ЗТ-ның бірінші баспалдағынан бөлінген бөлшектер құлаған орында экологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастады. «Протон-М» ЗТ бөлшектері құлаған орында өсімдіктердің өртенуі тіркелген жоқ», - делінген хабарлада.
Еске сала кетсек, «Протон-М» зымыран-тасығышы қытайлық «АзиаСат-9» спутнигімен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан өткен түні ұшырылған болатын.
