Қазақстандық ерекше балаларға арналған спорттық туризм жобасын әзірлеуде

ҚОРҒАЛЖЫН. ҚазАқпарат – Елімізде ерекше күтімді талап ететін балаларға мемлекет тарапынан тиісті жағдай жасалып, әр өңірде арнайы сауықтыру орталықтары мен спорт кешендері жұмыс істейді. Сондай-ақ, ерекше балалардың денсаулығымен қатар, олардың қоғамға сіңіп, өздерін кемсінбей еркін сезінуі өте маңызды. Осы орайда инструктор Олжас Балмағамбетов ерекше балалар арасында спорттық туризмді насихаттап, өзінің авторлық жобасын әзірлеу үстінде. Ол ерекше жоба туралы толығырақ ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

Қазақстандық ерекше балаларға арналған спорттық туризм жобасын әзірлеуде

«Спорттық туризм десе көп адамдар рюкзакты асып алып таудың басына шығу немесе судың жағасында демалу деп ойлайды. Ал негізінде ол аты айтып тұрғандай табиғат аясында спортпен айналысу, ширақ, шымыр болуға және далалық өмірге бейімделуді көздейді. Сол сияқты спорттық туризм адамды табиғатты аялауға, оны қорғап, қадірін түсінуге үйретеді. Әсіресе туризмнің бұл түрін балалар мен жасөспірімдердің арасында кеңінен насихаттаған жөн», - деді Олжас Балмағамбетов.

Оның айтуынша, алдағы тамыз айында спорттық туризмнен балалар мен жасөспірімдер арасында турнир өтеді.

«Турнир далалық аймақта өтеді. Қатысам деушілерге есік ашық. Аталған шараны алғаш рет 2019 жылы ұйымдастырдық, өте жақсы деңгейде өтті. Өкінішке қарай, өткен жылы пандемияға байланысты өткізе алмадық. Биыл енді қайта қолға алып жатырмыз. Спорттық туризмді насихаттайтын бұл турнир жарыс түрінде өтеді және ол 3 күнге созылады. Турнирден бөлек, басты мақсатым – мүгедек және ерекше күтімді талап ететін балалардың арасында спорттық туризмді насихаттап, дамыту. Сол мақсатпен Қорғалжында мүгедек және ерекше күтімді талап ететін балалардан құралған команда жинап, оларды дайындап, жарысқа қатыстырдым. Нәтиже айтарлықтай, балаларым жүлдемен оралды. Енді осы бағыттан таймай, тұрақты түрде айналысуға бел буып отырмын. Ол үшін қазір өзімнің авторлық жобамды әзірлеп жатырмын», - дейді ол.

Маманның сөзіне қарағанда, жергілікті әкімдік аталған игі бастамаға қолдау көрсетуге дайын.

«Мүгедек және ерекше күтімді талап ететін балаларға арналған спорттық туризм жобам бірнеше бағыттан тұрады. Оған сәйкес алдымен балалар жас және денсаулық ерекшеліктеріне сәйкес кешенді жаттығу сынағын тапсырады. Содан кейін әр баланың мүмкіндігіне қарай, спорттық қабілеті анықталады. Яғни бала жүгіре ме, секіре ме әлде тауға өрмелей ме деген секілді. Команда жинақталған соң әр қатысушыға өз міндеті түсіндіріліп, сол бойынша жеке және командалық жаттығу жұмысы басталады. Жалпы бұл жобаны алғаш 2017 жылы қолға алып, содан бері апробациядан өткізіп келемін. Нәтиже жаман емес, ең бастысы балалар мен олардың ата-аналарының тарапынан қызығушылық бар. Қазіргі басты мәселе ол қаражат, себебі жоба әзір болғанымен бәрі айналып қаржыға тіреледі. Яғни, ерекше балалар арасында спорттық туризмді насихаттап, дамыту үшін алдымен арнайы құрал-жабдықтар мен басқа да қажеттіліктердің болуы шарт», - деді жоба авторы.