Қазақстандық Ернар Шымбаев бильярдтан Әлем чемпионы атанды

АЛМАТЫ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда аралас пирамидадан Әлем чемпионатының ақтық ойыны өтіп, қазақстандық Ернар Шымбаев жеңімпаз атанды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ернар Сәбитұлы бұл бәсекеде қырғызстандық Қаныбек Сағынбаевтан 6:2 есебімен (8:5, 8:1, 8:1, 8:5, 8:0, 1:8, 0:8, 8:5) басым түсті. Әлемдік рейтингте 4-ші сатыда тұрған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар қарсыласының осал тұсын таба білген спорт шеберлігінен үміткер Шымбаев Қазақстан рейтингінде - 10-шы, әлемдік рейтингте 79-шы сатыда тұрды. Бильярдпен 8 жасынан бастап айналысқан, 13 жасында Қырғыз Республикасының чемпионы атанып, Еуропа чемпионатында 3 дүркін топ жарып, Динамикалық пирамидадан Әлем чемпионы, Еркін пирамидадан және Аралас пирамидадан өткен Әлем чемпионаттарында күміс жүлдегер атанған Қаныбектен жанкүйердің бәрі жеңіс күткен болатын. Қарсыласынан 7 жас кіші және бильярдпен 15 жасынан бастап қана айналысқан Ернар сәуірдің 13-і күні 23 жасқа толатын өзінің туған күніне үлкен сыйлық жасады.

Қаныбек жартылай финалда Ярослав Тарнавскийді (Украина), ширек финалда Әлиқан Қаранеевті (Қазақстан), 1/8 финалда Ильдар Мингазитдиновты (Қазақстан), 1/16 финалда Владислав Осьмининді (Ресей), ал оған дейінгі ойында Нұркен Сүйкембаевты (Қазақстан) ұтты. Ал Ернар Икрам Ахметовті (Қазақстан), Қубанышбек Сағындықовты (Қырғызстан), Андрей Фрейзені (Ресей), Дәурен Орынбаевты (Қазақстан) және Армен Габриелянды (Армения) тізе бүктірді. Жарыстың жалпы қорытындысында Е. Шымбаев - бірінші, Қ. Сағынбаев - екінші, Я. Тарнавский мен И.Ахметов үшінші орынды еншіледі.

Соңғы жаңалықтар