Қазақстандық Еуро-5 жанармайы сатылымға шығарылды
«Конденсат» АҚ» автокөлік отынының Еуро-5 экологиялық сыныбының коммерциялық өндірісін бастады. 12 желтоқсан күні Ақсай қаласында (БҚО) жанармай бекетіне алғашқы жанармай тасымалдайтын көлікті жіберу рәсімі өтті. Құны 26 млрд. теңгеден асатын кәсіпорынның мұнай өңдеу қуаты (жылына 200 000 тоннадан астам) Қазақстанның батыс аудандарын сапалы жоғары октанды жанармаймен қамти алады және газойль, гудрон секілді мұнай өңдеудің өзге де өнімдерін экспорттайды», - делінген ҚДБ хабарламасында.
Жыл соңына дейін кәсіпорын вакуумды айдау бөліміндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды жоспарлауда, ол ауыр мұнай өнімдерін өңдеуді және ашық түсті мұнай өнімдерін шығаруды 90% дейін ұлғайтып, жоба экономикасын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Бәйтерек» Холдингінің еншілес құрылымы «Қазақстан даму банкі» АҚ қаржыландыратын «Конденсат» АҚ негізіндегі жобаның жалпы құны 56,5 млрд. теңгені құрайды. ҚДБ 70% астам қажетті қаражатты тауып берді, қарыз мерзімі - 11 жылға дейін. ҚДБ жобаны 2015-2019 жж. арналған ҚР индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландыруда», - деп нақтылады банк.
«Бүгінде банк елдегі ең ірі кәсіпорындар болып саналатын Атырау және Павлодар облыстарындағы үш мұнай өңдеу зауытының екеуін қаржыландырады. Бұл сала ұзақ мерзімді және арзан несие ресурстарына зәру. «Конденсат» АҚ негізіндегі жаңа өндіріс кешені ішкі нарықтың жоғары сапалы қазақстандық отынға деген сұраныстарын толық қамтамасыз ету ісіне қосқан үлкен үлес болып саналады», - деді ҚДБ басқару төрағасының орынбасары Абай Сарқұлов.
«Конденсат» АҚ БҚО-да орналасқан өз бекеттеріне (жалпы саны - 4) жыл сайын мына көлемде жанармай жеткізуді жоспарлауда: АИ-92 - 15 000 тонна, АИ-95 - 2 000 тонна. 2017 жылы кәсіпорын 487 301 тонна мұнай өнімдерін өндіруді көздеп отыр. Оның ішінде АИ-92 маркалы жанармай - 139 517 тонна, АИ-95 - 26 836, дизельді отын - 23 224 тонна, газойль фракциясы - 157 115, вакуумдық газойль - 68 443 тонна, гудрон - 16 076 тонна, қазандық отын - 14 591 тонна.
Жоба аясында бу қазандығын орнату, азот стансасын, электр қосалқы стансасын, техникалық химиялық зертхана мен резервуар паркін салу жұмыстары жүзеге асты, мұнай базасы мен кәсіпорынды газбен қамту жүйесі жаңартылды. Еуро-5 жоғары октанды жанармай өндірісінің жобалық қуаты жылына 200 000 тонна: АИ-92 - 114 000 тонна, АИ-95 - 86 000 тонна.
Сонымен қатар, жаңа зауытта мұнай өнімдерінің өзге де түрлері өндіріледі: газойль фракциясы (дизельді отынды сұйықпен тазарту қондырғысын орнатуға арналған шикізат) -198 000 тонна, вакуумдық газойль (каталитикалық және гидро-крекинг қондырғыларына арналған шикізат) - 104 000 тоннаға дейін, гудрон (битум өндірісіне арналған шикізат) - 75 000 тоннаға дейін.