Қазақстандық «Evolution» тепловоздарының бәсекеге қабілеттілігі жоғары

/Қанат Мәметқазыұлы/ -Астанадағы «Локомотив құрыстыру зауыты» АҚ-мен шығарылатын отандық «Evolution» тепловоздарының бәсекеге қабілеттілігі жоғары. Бұл туралы бүгін Астанадағы Локомотив құрастыру зауытында өткен брифинг барысында «ЛҚЗ» АҚ президенті Марат Тілеубаев мәлім етті.

Қазақстандық «Evolution» тепловоздарының бәсекеге қабілеттілігі жоғары

«Қазақстандық тепловоз сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге қабілетті. Жалпы дүниежүзінде ең жоғары деңгейде бағаланатын тепловоздар жасайтын зауыт көп емес. Дегенмен әлемдік деңгейдегі жетекші компания «General Еlectric» болса, біздің тепловоздар солардың жобасымен жасалуда. Оның үстіне біздің зауытқа Ресей мамандары келіп, тамсанып кетті. Сонымен қатар, бесінші буын тепловозының қазіргі ТМД аумағында шығарылатын тепловоздардан айырмашылығы аса көп», - дейді М. Тілеубаев. Оның айтуынша, заманауи технологиялармен, компьютрлендірумен жабдықталған қазақстандық тепловоздың сапасы Қытай тепловоздарына қарағанда аса жоғары. Сондықтан да, қазақстандық тепловозға Қытай да, Ресей де бәсекелес бола алмайды.

«Ағымдағы жылы Мәскеуде тепловоздардың тартыс-қозғалыс құрамы бойынша көрме өткен еді. Бұнда да барлық маркетингтік компаниялар қазақстандық тепловоздың қуатын жоғары бағалады. Жалпы қазақстандық «Evolution» сериясындағы тепловоздар Ресейде шығарылатын тепловоздарға қарағанда техникалық сипаты жағынан біршама артық бағаланады және бағасы онымен салыстырғанда 30 пайызға дейін төмен. Сонымен қоса, тепловоздың бесінші буыны саналатын «Evolution» Кеңес одағынан бері қолданылып келген екі тепловозды алмастыра алады. Яғни, отандық тепловоз отынды үнемдеу, экологиялық залалдың төмендігі, климаттық бейімділігі жағынан озып тұр. Сондықтан да, Ресейдің көптеген жекеменшік компаниялары қазақстандық тепловозға қызығушылық танытып отыр», - дейді брифинг барысында «ҚТЖ» АҚ «Жаңа және импортты алмастыратын жобалар орталығы» филиалының директоры Мақсұт Исақов.