Қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың ешқайсысында халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы сертификат жоқ
АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың ешқайсысында да халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы сертификат жоқ.
Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Юрий Кубайчук осылай мәлім етті.
Сенатордың айтуынша, бүгінгі күні елімізде тіркелген 79 фармацевтикалық кәсіпорын қызмет етеді. Бұлар 2010 жылы 19,65 млрд. теңгенің дәрі-дәрмек өнімдерін шығарған. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 60 пайыздық өсімді білдіретін көрсеткіш. «Шығарылған фармацевтикалық өнімдердің негізгі бөлігі отандық өндірушілердің бұрыннан шығарып келе жатқан өнімдерін қайта жаңғыртуын құрайды. Бұл жалпы нарықтың 85 пайызына тең. Елбасының жүктеген тапсырмасына және Үкіметтің қаулысына сәйкес, еліміздегі фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың бесжылдық бағдарламасы әзірленгені белгілі. Бұл бағдарламаның негізгі міндеті қолданыстағы фармацевтикалық өндірісті жаңғыртып, жаңа кәсіпорындар салу, оларға халықаралық стандартарды енгізу болып табылады. Алайда, бүгінгі күнге дейін Қазақстандағы фармацевтикалық кәсіпорындардың ешқайсысында да халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы сертификат жоқ, бұндай стандарттарға өтудің нақты іс-шаралары да қамтылмаған. Бұл бағытта білікті мамандар да тапшы», - деді сенатор. Осыған орай, Ю. Кубайчук Үкімет тарапынан арнайы шаралардың қабылдануы қажеттігін атап өтеді.