Қазақстандық фермерлер «агроном планшетін» пайдаланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың пайдасы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық фермерлер «агроном планшетін» пайдаланады

«Мысалы, бізде бір жоба бар. Оған сәйкес, метеостансылар орнатылады да, арнайы метеорологиялық қызмет енгізіледі. Соның арқасында фермерлер алдын ала жоспар жасап, дала жұмыстарын уақытында атқара алады. Жаңа қызметте ауа температурасы мен ылғалдылығы, желдің жылдамдығы, алдағы екі-үш аптаның болжамы - бәрі-бәрі болады. Сонда шаруалар жерді өңдеу, вегетация жасау және тағы басқа маңызды шараларды алдын ала жоспарлай алады. Әрине, ондайда егістіктің өнімділігі де артады. Былайша, айтқанда аталған бастама «агроном планшетіне» айналады», - деді А.Евниев бүгін Астанада өткен Қазақстан-Германия форумында. Шара барысында ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландыру мәселелері талқыланды.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде «электронды агроөнеркәсіп кешені» атты бағдарлама да бар. Соның аясында ауыл шарушылығын цифрландыру шаралары атқарылады. «Біздің жоспарымызға сәйкес, 2021 жылға дейін жаңа технологияларды қолданатын фермерлердің саны 20 процентке жетеді. Енді, бұл - алдын ала жоспар. Қазіргі кезде 30-дан астам жоба бар. Соның барлығын іске асыру жоспары мен мерзімі бекітілді», - деп атап көрсетті А.Евниев.

Айта кетейік, бүгінгі форум аясында ғалымдар агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың жаңа әдісін ұсынды.