Қазақстандық фильм FEST халықаралық фестиваліне қатысады
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстандық белгілі режиссер Серік Апырымовтың «Бауыр» фильмі 42-ші FEST Халықаралық кинофестивалінің «Әлемдік кино панорамасы» бағдарламасына қатысады, деп хабарлайды «Қазақфильм» АҚ ресми сайты.
Атамыш кинофестиваль 28 ақпан мен 9 наурыз аралығында Сербия елінің астанасы Белградта өтеді.
FEST Халықаралық кинофестивалі оңтүстік-шығыс Еуропаның мәдени өміріндегі басты оқиғалардың бірі болып саналады. Қырық жылдан астам тарихы бар бұл шараға шамамен төрт миллионға жуық көрермен қатысып, 4000-нан астам фильм көрсетілген.
Биыл FEST фестивалі аясында көпшілік назарына 30 елдің 75 кинотуындысы ұсынылатын болады. Серік Апырымовтың «Бауыр» фильмі 1 және 3 наурыз күндері «Fontana» кинотеатрлары мен «Белградтың мәдени орталығында» көрсетілмек.
«Бауыр» фильмінің әлемдік премьерасы Венециядағы 70-ші Халықаралық кинофестивальдің аясында өтті. Ізінше картина «Еуразия» IX халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, бірден үздік режиссура марапатын және НЕТПАК жүлдесін иеленді. Өткен жылғы күзде фильм Австрияда өткен Viennale халықаралық кинофестиваліне қатысқан.
Ағымдағы жылдың басында «Бауыр» фильмі Гётеборгте өткен 37-ші Халықаралық кинофестивальдің «Бес құрлық» бағдарламасы мен Францияда өткен Ciné Junior балалар мен жасөспірімдердің 24-ші Халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына қатысқан. Сондай-ақ осы ақпан айында аталмыш туынды Санта-Барбарада өткен 29-шы Халықаралық кинофестивальде «Шығыс Еуропа елдерінің үздік фильмі» атанды.