Қазақстандық фильм Ресейдегі Халықаралық әдебиет және өнер фестивалінде «Үздік дебют» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды

АЛМАТЫ. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 10-16 наурыз күндері Ресейдің Гатчина қаласында өткен XVII Халықаралық әдебиет және өнер фестивалінде қазақстандық фильм жүлдегер болды. Оған биыл елімізден Мірғалым Есіркепов өзінің «Адамға қанша жер керек?» деп аталатын алғашқы толықметражды фильмімен қатысқан болатын.

Қазақстандық фильм Ресейдегі Халықаралық әдебиет және өнер фестивалінде «Үздік дебют» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды

Бұл өнер додасында Ресей Федерациясының халық артисі Игорь Масленников бастаған қазылар алқасы төрелік жасаған болатын. Олар 80 фильмнің арасынан «Адамға қанша жер керек?» фильмін «Үздік дебют» аталымы бойынша жеңімпаз деп таныды. Бұл бұған дейін деректі фильмдері үшін «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленген М. Есіркеповтың шетелден алған алғашқы жүлдесі болып отыр.

«Лев Толстой әңгімесінің желісінде түсірілген драмалық бұл фильм «Ар продакшн» продюсерлік орталығының қатысуымен 9 күннің ішінде түсірілді. Түсірілім жұмыстары былтыр Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылы маңында жасалды. Биылғы жылы ғана монтаж жұмыстары толық аяқталған фильмнің әлі ресми таныстырылымы өткен жоқ. Енді оған тағы бір себеп табылып отыр», - дейді Мірғалым Есіркепов.