Қазақстандық фильм Сербияда арнайы жүлде алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «13 шақырым» деректі фильмі Сербияның Крушевац қаласында өткен «Рухы биік» («Сильные духом») Халықаралық православиелік фильмдер фестивалінде арнайы жүлдемен марапатталды. Фильмнің режиссері - Владимир Тюлькин, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген «13 шақырым» деректі фильмі зағип жан Серік Боданбаев туралы баяндайды. Қыстаудан өз ауылына қарай бет алған басты кейіпкер өз өмірінің елеулі сәттерін еске алып, бойындағы құндылықтардың сырын ашады.
«Бұл, біздің картинаның үшінші жүлдесі. Осындай жетістіктерге жетіп отырғанымызға өте қуаныштымыз. Фестивальдің ұйымдастырушыларына және фильмді тамашалауға келіп, басты кейіпкердің өмірі туралы өз ойларымен бөліскен көрермендерге алғысымды білдіремін», - деді фестивальде өз фильмін таныстырған режиссер Владимир Тюлькин.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр «13 шақырым» фильмі Бразилияда өткен «Еңсеру» («Преодоление») Халықаралық кинофестивалінде арнайы жүлдеге және Екатеринбург қаласында өткен «Ресей» ХХVІІІ деректі кино фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
Тюлькин Владимир Викторович - кинорежиссер, ақын. «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. Еуразия Академиясының мүшесі. Ленинград мемлекеттік театр, музыка және кинематография институтының түлегі. Сондай-ақ ол КСРО Мемкино жоғарғы курсын (Г.Чухрайдың шеберлігі бойынша) бітірген. В.Тюлькиннің ондаған деректі киносы бар. Оның фильмдері халықаралық белді кинофестивальдерге қатысып, жүлделер алған. Американың телевизиялық «Эмми» сыйлығына үміткер болған («Опыт креста» фильмі үшін, 1997).