Қазақстандық футболшы командадағы әріптесіне 4 000 лир қаржыны сыйға тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түріктің «Гиресунспор» командасындағы қазақстандық футболшы Антон Чичулин өзінің командалас жолдасы Аяз Мехтиевке мәрттік жасады. Бұл туралы Sport.kz хабарлады.
Түрік клубынан кетіп бара жатқан Чичулин «Ордуспор» клубын жеңгені үшін берілген 4 000 лир мөлшеріндегі сыйақысынан бас тартты. Қазақстандық қорғаушы бұл ақшаны жас ойыншы, көп уақыт бойы жарақатынан емделген Аяз Мехтиевке беруді өтінді. Чичулиннің бұл мәрттік шешіміне бүкіл команда қошеметпен қол соқты.
Бас жаттықтырушы Эркан Созер Чичулин тағы да өзінің мәрттігін көрсетті, деп мәлімдеді. «Біздің Чичулиннен айырылып қалғанымыз өкінішті. Бұл мінезі тамаша және нағыз кәсіпқой ойыншы», - деді.
«Гиресунспорда» жарты жыл болған кезде Чичулин мен Мехтиев достасып кетті, Антон түрік тілін білмейтін, ал әзербайжан футболшысы оған аударма жасауға көмектесті.