Қазақстандық футболшылар Арменияның ұлттық құрамасынан ойсырай жеңілді
АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Ереванда Вазген Саркисян атындағы республикалық стадионда Армения мен Қазақстанның футболдан ұлттық құрамалары жолдастық кездесу өткізді.
Оған грузиялық төрешілер қазылық етті. Беренек Мирослав жаттықтыратын қазақстандықтар бұл ойында Вардан Минаясян тізгінін ұстаған алаң қожайындарына 0:3 есебімен ұтылды. Андрей Сидельников қорғаған қақпаға армяндар 3 допты алғашқы таймда-ақ енгізді. Алдымен, 6-минутта Украинаның Донецк қаласының «Металлург» командасында өнер көрсететін Геворг Казарян көзге түсті. Ал 36-минутта дубльдің авторы атанып, ойынның алғашқы жартысының аяқталуына 3 минут қалғанда Ресейдің «Краснодар» командасында ойнайтын Юра Мовсисян есепті 3:0-ге дейін жеткізді.
Екі ел құрамалары бұған дейін, нақты айтқанда 2006 жылы Еуропа чемпионаты сайысында кездескен болатын. Онда армяндар шотландиялық Ян Портерфильдің бапкерлігімен 2:1 есебімен басым түскен болатын.