10:24, 11 Қаңтар 2012 | GMT +5
Қазақстандық грек-рим күресі шеберлері Иван Поддубный мемориалынан 1 қола медаль олжалады
АЛМАТЫ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қаңтардың 9-10 күндері Ресейдің Тюмень қаласында грек-рим күресінен Иван Поддубныйды еске түсіруге арналған халықаралық турнир өтті.
Оған жарыс қожайындарынан басқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан Беларусь, Эстония және Израильден 129 балуан қатысты. Онда ел намысын қорғаған 7 қазақстандықтың арасынан 66 келі салмақта қостанайлық Бейбіт Нұғыманов жүлдегерлер қатарына ілікті. Ол ширек финалда турнир жеңімпазы атанған Олимпиада чемпионы Бек Альбиевке ұтылды. Ал қола жүлде үшін болған сайыста Амбоко Вачадзеден басым түскен еді. Өзге балуандардан 84 келідегі Роман Мелешин жүлдегерлер қатарына ілігуге 1 табан қалғанда сүрінді. Ол қола жүлде үшін болған белдесуде башқұрт Азамат Бикбаевқа есе жіберді.