Қазақстандық хылықаралық туристік көрмесі саладағы тиімді диалог алаңына айналды - Әсет Исекешев
АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Демалыс - Astana Leisure 2012» Қазақстандық ІХ халықаралық туристік көрмесі ашылды.
«Бұл көрме 9 жылда туристік сала қызметінде жүргендердің тиімді диалог алаңына айналды. Дәл осы жерде туризмнің отандық индустриясының әлеуетін кеңінен байқауға болады. Яғни бұнда Қазақстанның барша өңірлерінің туристік мүмкіндігі жұртшылық назарына ұсынылып отыр»,-деді көрменің ашылуы барысында Үкімет басшысының орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев.
«Осы сала барша ұлттық экономикалардың дамуына елеулі үлес қосуда. Атап айтқанда, көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкін береді. Туризм бүгінде Қазақстанда басымдықты сала ретінде айқындалды. Жоспарлар негізінде жыл соңына дейін Қазақстанда туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасы әзірленеді»,-деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Астанадағы бұл көрмеге 14 елдің туристік компаниялары келіп отыр. Былтырға қарағанда көрмедегі экспоненттер саны 15 пайызға ұлғайды. Таратылған мәліметтерге қарағанда, биыл алғаш рет мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін туризмге қол жетімділік мәселесіне назар аударылады. Көрмедегі іскерлік бағдарламада бұл тақырып бойынша семинарлық баяндамалар енгізілген.