Қазақстандық И. Берсанов ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ -Тайландтың Чиангмае қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өтті.
Онда 85 киләға дейінгі салмақ дәрежесінде біздің спортшылар тамаша жеңіске қол жеткізді. Қос жаттығудың қорытындысы бойынша бірінші орынды жерлесіміз - Ибрагим Берсанов жеңіп алып, Әлем чемпионы атанды. Оның құрамадағы әріптесі Александр Зайчиков күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Біздің спорт» сайтына сілтеме жасап. 17 жастағы И. Берсанов Тайландтағы чемпионатта айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Қос жаттығудың қорытындысы бойынша ол - 328 килә (150+178) зілтемірді көтерді. Ал, Зайчиков болса 316 (140+176) килә зілтемірді ырқына бағындырды. Үшінші орын алған иран спортшысы Саед Мохаммадпур Каркараш та 316 киләні (142+174) көтергенімен, Зайчиковтан салмағы ауыр болғандықтан қола жүлдені місе тұтты. Атап өтерлігі, Берсанов қос жаттығудан бөлек, жұлқа және серпе көтеруде де жарыс жеңімпазы атанды.