Қазақстандық индустрия дамыту институтының құрылғанына 1 жыл толады

ТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 22 шілдеде Қазақстандық индустрия дамыту институтының құрылғанына 1 жыл толады.

Қазақстандық индустрия дамыту институтының құрылғанына 1 жыл толады

Бұл туралы бүгін BNews.kz интернет порталында өткен онлайн-сұхбат барысында Индустрия және жаңа технологиялар институты жанындағы «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ президенті Мейрам Қажыкен мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, аталған институт «Өнімділік - 2020» бағдарламасының операторы болып бекітілген болатын.

«Енді екі күннен кейін Қазақстандық индустрия дамыту институтының құрылғанына дәл бір жыл толады. Осы бір жылдың ішінде аз шара атқарылған жоқ. Ең бастысы, біз өткен жылы үш айдың ішінде қазақстандық 150-ге тарта кәсіпорынға Дүниежүзілік банкімен бекітілген әдістеме бойынша технологиялық аудит жүргіздік», - деді М. Қажыкен. Оның айтуынша, аталған институт Жапония мен Корея институттары үлгісінде құрылған. Аталмыш елдерде бұндай компаниялар өнеркәсіп, өнеркәсіптік өндіріс салаларында терең зерттеулер жасайды. «Бұндай идеяны елімізге ендіру екі жыл бұрын мәселе болып көтерілген еді. Әрине, қазақстандық институт Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен үндесіп қабылданды. Ең басты мақсатымыз - бағдарламаға, оның салалық тармақтарына мониторинг жасау. Бұл өте ауқымды шара. Мәселен, біздің осы бағыттардағы міндеттерді жүзеге асыру үшін бірінші тоқсан бойынша жасаған есебіміздің өзі 900 парақшаны қамтыды. Расында бізге керегі сан емес, сапа. Сондықтан да, бұндай есептерді сапалы әрі мазмұнды етуді қолға аламыз», - деді М. Қажыкен.