Қазақстандық инвестициялық саммиттің басты тақырыптарының бірі ретінде уран өндіру мен ядролық өнеркәсіп саласы талқылануда

АЛМАТЫ.Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Алматыда өтіп жатқан 4-ші Қазақстандық инвестициялық саммиттің басты тақырыптарының бірі ретінде уран өндіру мен ядролық өнеркәсіп саласы талқылануда.

Қазақстандық инвестициялық саммиттің басты тақырыптарының бірі ретінде уран өндіру мен ядролық өнеркәсіп саласы талқылануда

Оның басты тақырып ретінде таңдап алынуы бекер емес. Бұл сала бүгінде әлемнің қызығушылығын тудырып отырған жайы бар. Оның үстіне, Қазақстан былтырғы жылы 14 мың тонна уран өндіріп, әлемде уран өндірісінен бірінші орынға шықты. Сонымен қатар алдағы уақытта әлемнің бірқатар елдерінде Атом электр стансыларын салу жүзеге асырылмақ. Бұл бағытта қазақ уранына сұраныс артады деген сөз.

Шара барысында шет елдік меймандарды қызықтырған сауалдардың негізісі де осы уранға сұраныс, Қазақстан уран өндірісін ұлғайта ма, уран өндірісіндегі басты әріптестері ретінде кімді көргісі келеді, уран өнімдерін өткізудің басты нарықтары қай елдер болды. Меймандардың сұрақтарына ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов, «Қазатомөнеркәсіп»ҰАК вице-президенті Сергей Яшин жауап берді. Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта тек уранды өндіруге емес, терең өңдеп сатуға басымдылық бермек. «Бұл бағытта Канада, Ресей, Франция, Қытай, Жапониямен бірлескен кәсіпорындар құрылды. Қазақстан бұл бағыттағы жоспарларын жүзеге асыруды жалғастыра береді. Қазіргі уақытта уран мұнай мен газ сияқты инвестициялық тартымды салалар қатарында», деді Д.Тұрғанов. Сергей Яшиннің айтуынша, Қытай алдағы уақытта 160-қа жуық атом электр стансысын салуды көздеп отыр. «Сондықтан қазақ уранына сұраныс болары сөзсіз», деді «Қазатомөнеркәсіп»ҰАК вице-президенті. Оның айтуынша, 2011-14 жылдары әлемде АЭС-терді салу көбейетіндіктен уранға сұраныс артады.