Қазақстандық ІТ-компаниялар өзбек әріптестеріне өз мүмкіндіктерін таныстырды

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстандық 23 ІТ-компания Өзбекстан Республикасының мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдеріне электронды үкімет, денсаулық сақтау, білім, көлік, қауіпсіздік және өзге де салалардағы алпысқа тарта ІТ-шешімін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық ІТ-компаниялар өзбек әріптестеріне өз мүмкіндіктерін таныстырды

Аталмыш жобалардың таныстырылымы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен ӨР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматовтың кездесуі аясында өтті. Екі елдің лауазымды өкілдері «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы мен Өзбекстанның цифрлы трансформациясының ынтымақтастығы мәселелері бойынша кездескен болатын.

Таныстырылымның ашылуында сөз сөйлеген Асқар Жұмағалиев бірлескен серіктестікке өзінің алғысын білдіре отырып, Өзбекстан өкілдеріне Қазақстандағы Ақпараттық-коммуникациялық салада жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстар туралы айтып берді.

«Қазақстан Президентінің қолдауымен және тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бекітіліп, қазіргі таңда аталмыш бағдарлама белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Әлбетте, тау-кен металлургия, мұнай-газ және көліктік-логистикалық салада, сонымен бірге агроөнеркәсіптік кешенде цифрландыру белсенді түрде енгізіліп жатқанын айта кету керек. Цифрландырудың арқасында біз операциялық шығындардың 10 пайызға қысқарғанын байқап отырмыз. Ал мұндай кәсіпорындарға бұл айтарлықтай ауқым және цифрландыруды жүргізудің қаншалықты маңызды екенін осыдан білуге болады», - деді Асқар Жұмағалиев.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Нақтырақ айтқанда, қазақстандық «Қазтелепорт» АҚ компаниясы мен өзбекстандық «Universal Bank» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
null 

Ынтымақтастық туралы келісімге сонымен бірге «Ұлттық ақпараттық орталығы» АҚ пен Өзбекстан Республикасының «Электронды үкімет жүйесін дамыту орталығы» келді. Тараптар UZINFOCOM мемлекеттік ақпараттық жүйені қолдау және құруға келісіп отыр.

ІТ-компаниялардан бөлек, қазақстандық тараптан кездесуге Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, «Ұлттық «Зерде» инфокоммуникациялық холдингі» мен өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты.
null 

ІТ-компаниялардың таныстырылымы мен кездесу бағдарламасын мына сілтемеден көруге болады: