Қазақстандық IV Салық форумы өтеді

АЛМАТЫ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қыркүйектің 29-30-ы күндері Қазақстандық IV Салық форумы өтеді. Бұл туралы кеше дәстүрлі шараны ұйымдастырушылар баспасөз мәслихатында мәлімдеді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қаңтар айынан бастап елімізде жаңа «Салық кодексі» қолданысқа енгізілген болатын. Біздің мемлекет өзінің салық заңнамасын ырықтандыру бойынша нақты шаралар қабылдады. Көптеген шетелдік сарапшылар Қазақстанның салық реформасын жоғары бағалап, өзге мемлекеттерге үлгі боларлық екенін атап көрсетуде», - дейді ҚР Салық төлеушілер қауымдастығының басқарма кеңесінің мүшесі Айдын Бикебаев. 2009 жыл жаһандық экономикалық дағдарыс үрдісімен тұспа-тұс келген жаңа «Салық кодексінің» қабылдануымен ерекшеленеді. Бұл кезде көптеген адамдар заңнаманы ырықтандыру салдары мен салық ауыртпалығын жалпы төмендету үрдісінен үрейленген. Алайда соңғы 5 айдағы тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанның салық заңнамасына реформа жүргізу шешімі дұрыс қадам болғандығын айғақтайды. Көптеген сарапшылар мен саясаткерлер қаржы дағдарысын еңсеру бойынша өз ұсыныстарын жария еткен болатын. Онда салық ауыртпалығын жеңілдету, тұтынушылық сұранысты көтермелеу, қаржы қаражатының қолжетімділігі, сол орайда салықтық және қаржылық тәртіпті қатаңдату шаралары көзделген. Айдын Бикебаевтың айтуынша, бес айдың ішінде кодексті қолдануда жұртшылық арасында көптеген сұрақтар да туындап отыр. Сондықтан олар салық төлеушілердің мүддесін қорғау үшін түйткілді мәселелерді анықтап, оған дәстүрлі форумда жауап іздемек. Бұл шараны Қаржы және салық құқық ғылыми зерттеу институты, ҚР Салық төлеушілер қауымдастығы және «Салық және қаржы» журналы бірігіп ұйымдастырып отыр. Ол «Жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан Республикасының жаңа салық кодексін пайдаланудағы тәжірибе» деген тақырыпта өтпек.
Соңғы жаңалықтар