Қазақстандық-израильдік аграрлық зерттеулер қоры құрылады -Ауыл шаруашылығы вице-министрі
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандық-израильдік аграрлық зерттеулер қоры құрылады.
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің «ҚазАгроИнновация» АҚ-да өткен көшпелі отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында ғылыми әдістерді енгізу жүйесін дамыту мақсатында технологияларды қолдануға бағытталған арнайы институттар қалыптасып жатыр. Мәселен, өткен жылы технологияларды трансферттеу орталығы құрылса, сол нысанда екі инновациялық жоба іске асырыла бастаған. Бұның бірі ветеринария саласын қамтыса, екіншісі суармалы егіншілікке қатысты болып отыр.
«Сонымен бірге, агроөнеркәсіп кешенінде төрт білім жетілдіру орталығы құрылды. Бұл орталықтарда шетелдегідей ғалымдар мен өнім өндірушілер арасында тікелей пікірталас алаңын құруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Елбасының жүктеген отандық ғалымдарды дүниежүзілік қоғамдастықпен ықпалдастыру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру міндеті де дұрыс жолға қойылып отыр. Мәселен, осы бағытта министрлік тарапынан қазақстандық-израильдік аграрлық зерттеулер қорын құру жұмыстары атқарылуда. Қорды қалыптастыру үшін 2010 жылғы бюджетте арнайы қаржы да қарастырылған. Қазіргі күні екі мемлекет арасындағы келісімшарт та әзірленіп, құжат мемлекеттік органдардың келісіміне берілген», деді М. Оразаев.