Қазақстандық қамту аясында жұмыс істеп жүрген кәсіпорындарда нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету мүмкіндіктері бар - Ә. Исекешев
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан қазақстандық қамту мәселелеріне арналған республикалық кеңесте Үкімет басшысының орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық қамтуда үдетілген индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында мемлекет барынша қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізген министр, «осы арқылы қазақстандық қамту аталған бағдарламаны жүзеге асыруда басты тетік болады. Бағдарламаны жүзеге асырудан келетін әсер алдын ала есептер бойынша 7 трлн. теңгеден асады. Бұл еліміз Ішкі жалпы өнімінің жартысынан астамы. Атап айтқанда, оны жүзеге асырудың бірінші жылында 144 инвеситициялық жобаны аяқтау белгіленіп отыр», деді.
Ә. Исекешев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несиелер бойынша субсидияланған пайыздық ставкалар, жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымды дамыту, кадрларды даярлау шаралары қамтылғанын жеткізді.
«Бүгінде отандық кәсіпорындарда, әсіресе қазақстандық қамту бағдарламасы аясында жұмыс істеп жүргендерде мемлекеттік қолдау шараларын иеленуге, сондай-ақ нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету мүмкіндіктері бар»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.
Министр бұл мәселе Бірыңғай Кеден одағы аясында өзекті саналатынын айтып өтті.