Қазақстандық қамту туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақстандық қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,

Қазақстандық қамту туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Заң жобасы ҚР Президентінің Жарлығын, Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы барысында Елбасының жүктеген міндеттерін орындауға бағытталады. Құжаттың мақсаты бірыңғай мониторинг жұмысын атқару арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау, олардың қызметін ынталандыру болып табылады. Сонымен бірге, құжатта мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы кезінде қазақстандық қамту мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін белгілеу шаралары қамтылады.

Бұдан басқа, құжат бойынша сатып алу рәсімдерінің ашықтығы, қолжетімділігі мен әділеттік жүйесін енгізу көзделеді. Бұл шара өз кезегінде қазақстандық өндірушілер мен жеткізушілерге тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізуге арналған конкурстарға шетелдік компаниялармен тең дәрежеде қатысуға мүмкіндік береді. Мұның өзі еліміздің аумағында өндірілетін тауарлар өндірісін оқшаулауға және олардың номенклатурасын кеңейтуге жағдай жасайтын болады.

Заң жобасын әзірлеу барысында депутаттар «тауарларды қазақстандық өндіруші», «жұмыстағы қазақстандық қамту», «кадрлардағы қазақстандық қамту» секілді бірқатар ұғымдарды жаңа редакцияда енгізді.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылады.