Қазақстандық қамтуды мемлекеттік дамыту мәселесін жүйелеу қажет - Мұнай және газ вице-министрі
АЛМАТЫ. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Орталық және жергілікті атқару органдары, ұлттық компаниялар және ұйымдардың қатысуымен қазақстандық қамтуды дамытудың салалық және аймақтық индустриялық жоспары жасалады.
Бұл туралы ҚР Мұнай және газ вице-министрі Әсет Мағауов бүгін Алматыда «Мұнай және газ: қазақстандық мазмұнды дамыту - 2011» деп аталатын мұнай-газ компанияларының форумында айтты.
«Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңарту, жаңа тауар түрлерін өндірудің тетіктерін жасау арқылы қазақстандық қамтуды мемлекеттік дамытуды жүйелеу қажет. Сондай-ақ орталық және жергілікті атқару органдары, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың қатысуымен ұзақ және орта мерзімдік келешекке арналған қазақстандық қамтуды дамытудың салалық және аймақтық индустриялық жоспары жасалады», - дейді Әсет Мағауов.
Ә.Маратұлының айтуынша, онда жетістікке жетуді жоспарлаудағы жетекші тұлғалардың жеке жауапкершілігі де қаралады. Қазіргі таңда елімізде инжинирингтік компаниялар мүлде жоқ деуге болады. Сол себепті республикадағы барлық ірі жобаларда сараптамалық зерттеуден бастап, техникалық экономикалық негіздемесін жасауға дейінгі жұмыстарды шетелдік компаниялар жүргізуде. Сондықтан қазір салалық жобалық консалтингтік компаниялар құру жоспарланып отыр. Ол қазақстандық қамтуды ұлғайтып, өндірісті дамытуды болжауға мүмкіндік бермек.