Қазақстандық каратэші Данияр Юлдашев Берлинде күміс медаль алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияда каратэден «Premier League Berlin-2018» халықаралық турнирі аяқталды. Аталмыш спорттық шара Токиода өтетін Олимпиада ойындарының рейтингтік турнирі саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.

Қазақстандық каратэші Данияр Юлдашев Берлинде күміс медаль алды

Жақында ғана Азия ойындарында «қола» иеленген қазақстандық спортшы Данияр Юлдашев бұл жолы жанкүйерлердің назарына Еуропа аренасында ілікті. Қазақстандық 84 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалист атанды. Финалда Жапония спортшысы, әлем чемпионы, әлемдік рейтингтегі 1-ші орын иегері Рютаро Арагамен кездесті.

Данияр финалға жету жолында әйгілі спортшыларды жеңіп, 5 айналымнан өтті. Олардың қатарында ирандық Забиолла Пуршаба (WKF рейтингінде 6-шы орын) және түркиялық Угур Актас (әлемдік есепте 3-ші орын) бар. Өкінішке орай, отандасымыз финалда жапондық каратэшіден жеңіліп қалып, турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Берлинде өткен турнирде 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Руслан Есмаханбет 11-ші орынға, ал 60 келіге дейінгі Қайсар Алпысбай мен Дархан Асәділов 5-ші және 6-ші орындарды бөлісті.