Қазақстандық картина Мәскеу кинофестивалінің негізгі бағдарламасына кірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақфильм» киностудиясы түсірген, режиссер Әділхан Ержановтың «Таңсәрі» толықметражды көркем фильмі Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кинотуынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Фильм 19-26 сәуір аралығында Ресей астанасы Мәскеуде өтетін 40-шы Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауына іріктелген.
"Меніңше, бүгінгі әлемде болып жатқан дүниелерді мифологиялық ойлау арқылы ғана нақты түсіндіруге болады. Рационализмнің ендігі қажеті шамалы. Жаңа кинематографтың архетиптік күші - фольклор негізінде жатыр. Біздің мәдениет министрлігі авторлық киноға қолдау көрсетіп отырғанына қуанамын. Менің шығармашылығыма түсіністікпен қараған министрлікпен ынтымақтастықты жалғастыра беремін, өйткені менің фильміме цензуралық шектеу қойылған жоқ", - деді фильмнің режиссері Әділхан Ержанов.
Халықаралық Мәскеу кинофестивалінің негізгі байқауына қазақстандық фильмнен басқа 14 туынды іріктелген. Олар: «12-ші адам» (реж. Харальд Цварт, Норвегия), «Солдат естелігі» (реж. Ким Джэхан, Корея), «Гаспар тойға барады» (реж. Антони Кордье, Франция), «Ашу» (реж. Серхио Трефо, Португалия), «Леонның жылы» (реж. Мерседес Лаборде, Аргентина), «Адасқандар» (реж. Дастин Финели, Жаңа Зеландия), «Бүркеу астындағы Неаполь» (реж. Ферзан Оцпетек, Италия), «Офелия» (реж. Клер Маккарти, США), «Ричард тозаққа қарай бет алды» (реж. Роберта Торре, Италия), «Айтары бар адам» (реж. Янис Нордс, Латвия, Польша, Литва), «Табандылық» (реж. Рашид Маликов, Өзбекстан), «Халеф» (реж. Мұрат Дюзгюноглу, Түркия), «Патша-құс» (реж. Эдуард Новиков, Ресей) және «Ню» (реж. Ян Гэ, Ресей).
Халықаралық байқаудың әділ қазылар құрамына режиссёр Анна Меликян (Ресей), продюсер Паоло Дель Брокко (Италия), актёр Джон Сэвидж (АҚШ) және қытайлық режиссёр Лян Цяо кірді.
Сонымен қатар аталған фестивальдің «Шеберлер» бағдарламасында «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен, отандық режиссер Серік Апрымов түсірген «Әкеге қоңырау шалу» атты фильм көрсетілетін болады. Естеріңізге сала кетсек, бұл картина Қазақстан киносыншылар қауымдастығы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінде екі бірдей жүлдеге - «Үздік режиссер» және «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» (актер Ерболат Оспанқұловқа табысталды) қол жеткізген болатын. Одан бөлек, аталған туынды Ресейдің «Ника» атты киножүлдесіне үміткер болған.