Қазақстандық кәсіпкерлер Ресейдегі дискриминациядан қорқады - Родостовец

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Николай Родостовецтің айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы құжатта ресейлік теңіз порттарына шығу құқығы барлығына бірдей болуы қажет. 

Қазақстандық кәсіпкерлер Ресейдегі дискриминациядан қорқады - Родостовец

Онсыз қазақстандық тауарларды Ресей порттары арқылы тасымалдау мәселесі қиындай береді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мінеки, бір жыл болды. Ресей үкіметі өзінің теңіз порттарындағы дискриминацияға жол бермеуге нұсқау берген. Алайда, оны құжат жүзінде бекіткен жоқ. Ол құжат кабинеттен кабинетке әлі күнге дейін көшіп жүр. Соның салдарынан ресейліктер теңіз порттарында өз тауарлары мен жүктерді көбірек өткізеді де, қазақстандық жүктерді ұстап қалып, дискриминацияға жол беріп отырады. Отандық жүк тасымалдаушылар болса, нақты фактілерді айтуға, тіпті, осы мәселені ашық жариялауға қорқады. Өйткені ертең ресейлік порттарда одан да қатты дискриминацияға ұшыраймыз деп үрейленеді", - деді Родостовец журналистерге берген сұxбатында.

Оның айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта теңіз порттарына арналған бөлек бір бапты енгізген жөн. Онда одақ аясындағы теңіз порттарына шығу құқығы барлығына бірдей болуы қажет. Сонда дискриминация болмайды. Қазіргі кезде одақтың басқа мүшелері де аталған бапты енгізуді қолдап отыр.

Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан көмірінің экспорты үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағындағы теңіз порттары қызметтеріне теңдей қолжетімділік мәселесін көтерді.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ресейлік теңіз порттарындағы дискриминация мәселесін Бішкек қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің күн тәртібіне енгізуді тапсырды.