Қазақстандық кәсіпорындарда жұмыс орнының саны арта ма - сауалнама
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы еліміздегі кәсіпорындардың 2018 жылы өз штаттарын қаншаға ұлғайтатынын анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Біз сонымен қатар жұмыс берушілерге сауалнама жүргіземіз, соңғы сауалнамамыз қыркүйек айында аяқталған. Сауалнамаға enbek.kz порталы арқылы Қазақстандағы 10 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Олардың 1 мыңнан астамы 250 адамнан артық қызметкері бар ірі кәсіпорындар», - деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов телефон арқылы әңгімелесу барысында.
Оның айтуынша, аталған кәсіпорындардың 83 пайызы штат көлемін ұлғайту жағын жоспарламаған, 1,2 пайызы керісінше штат санын кемітуді ойлаған, 15 пайызы штатты ұлғайтуды жоспарлап отырмыз деп жауап берген.
«Штатты көбейтпек болып отырған кәсіпорындардың көбі - тұрғынжайларға қызмет көрсету, азық-түлік, білім, денсаулық сақтау салаларында қызмет ететін компаниялар. Кемітпек болған кәсіпорындардың көпшілігі жылжымайтын мүлік операциялары және кәсіби ғылым саласында қызмет етеді», - деді Д.Арғындықов.