Қазақстандық кинематографистер Қазанда өтетін мұсылман кинофестиваліне қатысады
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазанда VIII халықаралық мұсылман киносының фестивалі ашылады. Оның қонақтары: режиссерлер Андрей және Егор Кончаловскийлер, актрисалар Алла Будницкая, Марина Зудина, актерлер Сергей Шакуров, Дмитрий Певцов және Чехиядан келген киносыншы Вера Лангерова.
Қазанда өтетін мұсылман киносының халықаралық фестивалі 2005 жылдан 2010 жылға дейін «Алтын мінбер» аталып келген болатын. Ал фестивалдың құрылтайшылары Татарстан мәдениет министрлігі, Ресей мұсылмандар басқармасы және Қазан мэриясы болып табылдады. Кинофорум Татарстан басшылығының қамқорлығымен өтеді. «Фестивальдің құрметті қонақтары Ресей Федерациясының мүфтиі Равиль Гайнутдин, Түрік Республикасының Мәдениет және туризм министрі Фарук Шахин, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов болады» деп хабарлайды ұйымдастыру комитеті.
Биыл іріктеу комиссиясының талқысына 55 елден 300-ден астам фильм келіп түсті. Нәтижесінде байқау бағдарламасына 28 елден 40 еңбек (толықметражды көркем фильмдер, қысқаметражды және толықметражды деректі фильмдер) таңдап алынған. Байқауға Үндістан, Түркия, Иран, Қырғызстан, Қазақстан, Финляндия, Польша, Бахрейн, Ресей мен басқа да елдер қатысады.
Аталымдар бойынша жеңімпаз атанғандар 12 басты жүлде - Қазан кремлінің бейнесіндегі мүсіншелерге ие болады.