Қазақстандық қоғамда саяси белсенділіктің елеулі өсімі байқалады - Әлеуметтік зерттеу
АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Жүргізілген зерттеулерге қарағанда қазақстандықтардың елдің саяси өміріне қызығушылығы артып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығының жобалар бойынша директоры Юлия Кучинская мәлім етті.
«Алдағы электоралды циклдер аясындағы әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне сәйкес және қоғамдық пікірдің соңғы өлшемдеріне қарағанда, қазақстандық қоғамда саяси белсенділіктің елеулі өсімін байқауға болады»,- деді ол бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Мәселен, 2011 жылдағы зерттеу нәтижесінде (ҚР Президентін сайлау кезеңі) елдің саяси өміріне қызығушылық танытқан халықтың үлесі 80,4 пайызды құраған екен. Ал 2013 жылдағы мәліметтер бойынша зерттеуге қатысқандардың 85 пайызы саяси үрдістерді байқап отыратын болған.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан халқы жалпы мемлекеттің саяси бағытын белсенді қолдап отыр. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респондент азаматтардың 83,6 пайызы Қазақстан дұрыс жолмен келе жатқанын атап өткен.