Қазақстандық көлік компанияларының жүргізушілеріне Иранға 1 жылдық визалар беріледі
Қазақстандық делегацияны еліміздің Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Тауболды Үмбетбаев, ал ирандық делегацияны Иран Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Әли Асғар Мохаммади басқарды.
Өткізілген іс-шара барысында тараптар консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, тараптар өзара консулдық-құқықтық және визалық қатынастар, оның ішінде екі ел аумақтарындағы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін жан-жақты талқылады. Қазақстандық көлік компанияларының жүргізушілеріне әр жолы 30 күндік мерзіммен болу құқығы бар 1 жылдық визаларды беру туралы келісті.
Қазақстан мен Иран арасындағы консулдық консультациялардың сегізінші отырысының екікүндік жұмысы нәтижесінде тараптар тиісті Хаттамаға қол қойды.